Арыс аудандық соты Наурыз мейрамын тойлады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арыс аудандық соты Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін кеңінен, асқан ұйымшылдықпен тойлап өтті. 

Ұлыстың Ұлы күнi – Наурыз мейрамына арналған салтанатты мерекенi аудан әкiмi М.Қадірбек ашып,  жиналған қауымды  Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, Күн мен түннің теңелер сәтімен дөп келетін Наурыз мейрамы халқымыз үшін  жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы деп бағалаған. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелте берсін. Бұл күн – тіршіліктің дәстүрлі құндылықтары аясында бәріміздің бірігіп, игілікті жаңа бастауларға ниет білдіруіміздің нышаны. Наурыз – Қазақстанның барлық  халықтарының бірлігінің белгісі. Бірлік пен татулық – Президентіміздің жүргізіп отырған саясатының басты басымдықтары. Бұл Қазақстанның дамуының және әлемнің 30 бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына енуінің негізі. Еліміздің сот жүйесі Наурызды жақсы нәтижелермен қарсы алуда, оның жаңғыруы барысында ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Осынау ұлық мерекелердің бірі Наурыз мейрамында Сіздерге және жақындарыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыстар тілеймін»! – деп мереке қонақтары өз лебіздерін білдірді.

Осынау Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесінде қонақтарға арналған қазақтың ұлттық тағамдарына толы кең дастарған жайылды. Мерекелік жиын аудандық соттың ұжымы ұйымдастырған салтанатты концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл күні қазақтың ақшаңқан киіз үйі тігіліп, халқымыздың салт-дәстүрі жаңғыртылып, «Тұсау кесер» рәсімі көрсетілді, «Қыз бен жігіт айтысы» тыңдалды. Ұжымдағы сот мамандары ұлттық нақыштағы қазақтың әндерін орындап, өз өнерлерімен тәнті етті.

Әрбір мерекеге қатысушы көптеген жағымды эмоциялар мен тамаша көктемгі көңіл-күйге бөленді.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі