Арыс аудандық сотында «Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арыс аудандық сотында «Қазақстан халқы тілдері күніне» орай «Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Арыс ауданының прокуроры, адвокаттар, тілдерді оқыту және дамыту орталығының басшысы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, мемлекеттік емес ұйымның өкілдері және журналистер қатысты.

Сот төрағасы А.Ертаев дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтап, өз сөзінде:  «Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздары, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіс екенін айтты. Елбасы латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты» - деді.

Сонымен қатар, төраға қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен, уақыт талабы болып отырғанын, сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасу қажеттігін айтты.

Іс-шара барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, мазалап жүрген сұрақтарына жауап алды. Дөңгелек үстелге қатысушылар қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірді қолдайтындарын білдірді.

Дөңгелек үстелді сот төрағасы А.Ертаев қорытындылап, іс-шараға қатысып, ой бөліскендеріне алғысын айтты. 

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі