Қылмыстық іс көшпелі сот отырысында қаралды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы Е.Рахманбердінің төрағалық етуімен Оңтүстік Қазақстан облысы табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратында осы мекеменің директорының орынбасары Қазақстан Республикасы ҚК-нің  24-бабының 3-бөлігі - 190-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен айыпталып, сотқа берілген сотталушы С.Д.-ға қатысты қылмыстық іс көшпелі сот отырысында аяқталды.

Көшпелі сот отырысында іске қатысушы прокурордың, сотталушының, қорғаушының, жәбірленушінің және «Жасыл аймақ» КММ-нің қызметкерлерінің  қатысуында сот қаулылары жарияланды.

Сотталушы С.Д. 2017 жылдың шілде айында директордың орынбасары лауазымын атқарып жүріп, қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасап, бөтен мүлiкке құқықты алдау жолымен 400 000 теңгені иемденген кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен  ұсталған.

Төрағалық етуші Қазақстан Республикасы ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 190-бабының 2-бөлігінің 3-тармағында көрсетілген қылмысты жасаған С.Д.-ны ҚК-нiң 68-бабы 1-бөлігінің негізінде жәбірленуші А.И.-мен медиация тәртібімен татуласуына, келтірілген зиянның есесін толтыруына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі өндірістен тоқтату туралы қаулыны және облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының атына жекеше қаулыны жариялады.

Төрағалық етуші қылмыстың орын алған себептерін, сот ҚПК-нің 340-бабының негізінде сотқа берілген айыптау шегінде қарағанын және де Заң талаптарын түсіндірді.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі