ОҚО сотында 2013 жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген жиналыс өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ағымдағы жылдың 17 қаңтарында облыстық сотта Оңтүстік Қазақстан облысы судьяларының 2013 жылдың сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелері бойынша кеңейтілген жиналысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық  істер жөніндегі  қадағалаушы сот алқасының судьясы Қ.Шаухаров, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы мен алқа төрағалары, судьялары, кеңсе басшысы мен орынбасары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, судьялары мен кеңсе меңгерушілері қатысты.

Кеңейтілген жиналыста облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2013 жылы азаматтық және қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруы туралы баяндамасында: «Аудандық және оған теңестірілген соттармен қаралатын істер саны жылдан жылға артуда. Мысалы, облыс соттарымен 2012 жылы жалпы 81 349 азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер мен материалдар қаралған болса, бұл көрсеткіш 2013 жылы - 102 964 іске жетті.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының 04.03.2013 жылғы №55 өкімімен бекітілген судьяның орташа айлық іс жүктемесі нормативіне сай, жүктеме азаматтық істер бойынша - 28,2, қылмыстық істер бойынша - 8,2 және әкімшілік істер бойынша 82 іс болуы тиіс.

Статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, бүгінгі таңда облыс бойынша істердің басым көпшілігін қарайтын соттардың орташа айлық іс жүктемелері белгіленген нормативтерден бірнеше есе артық.

Мәселен, Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік сотының орташа айлық іс жүктемесі нормативтен 7 еседен астам, сол сияқты Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық және экономикалық істер қарайтын, Мақтарал ауданының №2 аудандық соты судьяларының іс жүктемелері нормативтен 3 есе артық.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соты судьяларының жүктемесі, өткен 2012 жылмен салыстырғанда, 7 есе жоғары.

Облыс соттары мен судьялардың соңғы жылдардағы орташа айлық іс жүктемесінің динамикасына жүргізілген талдаудан, жыл сайын облыс соттарына жүгінетін жеке және заңды тұлғалар санының жүйелі түрде артып отырғаны, тиісінше соттардың өндірісіне қабылданған істер санының да жылдан-жылға өсіп отырғаны байқалады.

Бүгінгі таңда халық арасында сотқа деген сенім артуда, осыған орай барлық тұлғалар өз дауларын шешудің ең тиімді және дұрыс жолы сотқа жүгіну арқылы шешеді және де жоғарыда көрсетілген статистикадан байқалғандай, алдағы уақытта қоғам  алға жылжыған сайын сотта қаралатын істер саны артып отыратын болады.

Сонымен бірге, судьялардың іс жүктемелерінің және қаралатын істер санының артуы заңды құбылыс, себебі, біздің облыс республикадағы ең халық тығыз орналасқан мекен, мұнда үш миллионға жуық халық тұрады және Елбасының Шымкент қаласын алдағы уақытта республикадағы үшінші мегаполиске айналдыру туралы пікірін де ескеруіміз тиіс» - деді.

Жиналыста Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасымен 2013 жылы сот төрелігін жүзеге асырылу жағдайы туралы алқа төрағасы Б.Әметов және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы жұмысы жөніндегі ақпаратты алқа төрағасы М.Балкен баяндады.

Сонымен бірге, Судья әдебі жөніндегі комиссияның 2013 жылы атқарған жұмысы жөнінде комиссия төрағасы Ә.Керімшеев пен судьялардың әрекеттеріне түскен арыз-шағымдарды қарау тобының 2013 жылы атқарған жұмысы жөнінде ОҚО сотының судьясы А.Сағындықованың есептері тыңдалды және өткен жылғы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кеңсесімен атқарылған жұмыстар жөнінде кеңсе басшысы О.Лештаев баяндама жасады.

Сондай-ақ, жиын барысында ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ж.Сейітжаппаров, Түркістан қалалық сотының төрағасы Е.Мыңжанов, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы М.Бекназаров аудандық соттардағы сот төрелігін іске асырудың жағдайы туралы өз баяндамаларын жасады.

Осыдан кейін сөз кезегі Оңтүстік Қазақстан облысы Судьялар Одағының төрағасы Н.Жамашовқа беріліп, ол Судьялар Одағының облыстық филиалының 2013 жылы атқарған жұмысы туралы есеп берді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Қ. Шаухаров өз сөзінде Мемлекет Басшысының Қазақстан Судьяларының VI съезінде белгілеген міндеттеріне және съезд қаулысына байланысты қолға алынған бастамалар туралы айтып өтті.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып бітуіне байланысты, жиналысты облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов қорытындылай келе, сот қызметкерлеріне  2014 жылы еңбектерінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.