Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Түркістандағы Халықаралық университетте болашақ заңгерлерге дәріс оқыды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде сот жүйесін реформалау» тақырыбында интерактивті форматта дәріс оқыды.

Іс-шараға университет президенті, физика-математика ғылымдарының докторы Уәлихан Әбдібеков, Түркістан қалалық сотының төрағасы Омар Серікбаев пен судьялар және Заң факультетінің профессор-оқытушылары мен студенттер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 200 адам  қатысты.

Кездесуді У.Әбдібеков ашып, университет пен облыс соттары арасында тығыз қарым-қатынас орнатылып, бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізіліп тұратынын айтты. 2015 жылы мамыр айында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен университетте ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілгенін, сонымен қатар, облыстық соттың бастамасымен «Құқықтық сауаттылық» айлығының аясында қалалық сотта Заң факультетінің 50 студентінің қатысуымен «Жас заңгерлерді мемлекеттік қызметке баулу» атты "Ашық есік күні" өткізілгенін атап өтті. «Осы айлықтың жалғасы ретінде бүгін біздің университетте облыстық соттың төрағасы Н.Шәріповтың «Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде сот жүйесін реформалау» тақырыбында дәріс оқуы жоспарланған», ‒ деп, сөз кезегін лекторға берді.

Н.Шәріпов қатысушыларға «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырудың негізгі нәтижелеріне тоқталып, үш сатылы сот төрелігі жүйесі сәтті іске қосылып, судьяларды іріктеу мен ілгерілету жүйесі қатаңдатылып, сот жюриінің қызметі реформаланды. Сонымен бірге, Жоғарғы сот жанынан Инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа, Сот Төрелігі Академиясы мен Халықаралық Кеңес құрылғанын және тергеу судьясы мен алқабилер сотының құзыреті кеңейтіліп, азаматтық істер істер бойынша істер прокурорлардың сотқа қатысуы қысқартылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жаңа ақпараттық технологиялардың іске қосылуы соттардың қызметін бұрынғыдан ашық ете түскенін және жаңа Азаматтық процестік кодекс пен қылмыстық заңнама тиімділігін көрсетіп, медиацияны қолдану арқылы аяқталған істердің саны үш есеге өскенін атап өтті. 

Дәріс интерактивті форматта өтіп, Ұлт жоспарының іске асырылу барысы мен қазіргі кездегі сот төрелігінің жүзеге асырылуы слайдтармен көрнекі түрде таныстырылды және «Қазақстандағы сот реформасы: кеше, бүгін және ертең» атты бейнефильм көрсетілді.

Одан әрі төраға өз сөзінде әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіруді көздейтін саяси және экономикалық жаңғыртудың негізі болып саналатын қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері қозғалған Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі идеялары мен маңыздылығын айтып, кейбір өзекті ой-тұжырымдары мен елімізде таяу жылдары атқарылуы тиіс негізгі алты  міндетке тоқталып өтті.

Дәріс соңында төраға студенттер мен магистранттарға оқуда жетістіктер тілеп, осы оқу орнынын бітірген бірнеше түлектер еліміздің сот жүйесінде абыройлы қызмет етіп жүргенін жеткізді.

Осыдан кейін Н.Шәріпов студенттердің сұрақтарына жауап берді.        

Кездесу соңында университеттің ардагерлер ұйымының төрағасы, құқықтану кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Балғабай Нақыпов студенттерге  осындай пайдалы дәріс оқығаны үшін сот төрағасына  ұжым атынан алғысын білдірді.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі