Оңтүстік Қазақстан облысының соттары 2017 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында 2017 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылауға арналған кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңес жұмысына облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков, облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшылығы мен мамандары, облыстың аудандық және оған теңестірілген соттарының төрағалары мен судьялары және кеңсе меңгерушілері қатысты.

Жиын барысында облыс соттарының бірінші жартыжылдықтағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары жөнінде облыстық соттың алқа төрағалары Зиядинхан Пірнияз бен Түгел Бекімбетовтің баяндамалары тыңдалды.         

2017 жылдың 6 айында облыс соттарына 2413 (2016 жылдың бірінші жартыжылдығында – 2693 іс) қылмыстық іс түскен, өткен жылдан қалдық істер – 213 (2016 жылғы алты айда – 306 іс), оның ішінде 2244 іс қаралып біткен (2016 жылғы салыстырмалы кезеңде – 2675), немесе қаралған істер саны 431 іске азайған. Осы істер бойынша 2017 жылы алты айда 1300  іс үкім шығарумен аяқталған (2016 жылғы алты айда – 1581), яғни 281 іске азайған.

Қысқартылған істер саны 749 іс болған (2016 жылдың бірінші жартыжылдығында – 854), яғни 105 іске кеміген. Есепті кезең соңындағы қалдық істер саны облыс бойынша 308 істі құрап (2016 жылғы салыстырмалы кезеңде – 276), бұл көрсеткіш 32 іске артқан.                                                      

Азаматтық және әкімшілік істер бойынша 2017 жылдың 6 айында аудандық соттарға түскен арыздар мен талап арыздардың саны – 41057-ні құрады (2016 жылы 37301 іс түскен), яғни 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 3756 арыздар мен талап арыздарға көп түсіп отыр.                     

2017 жылдың 6 айында 18299 азаматтық іс өндіріске қабылданған, ал 2016 жылы алты айда өндіріске 16388 іс қабылданып, 1911 іске көбейген.

Биылғы 6 айда 1 798 іс өндірістен қысқартылған, өткен жылы осы мерзімде 1 400  іс өндірістен қысқартылған болатын, яғни 398 іске артқан. Биылғы жыл басынан бері 38142 азаматтық іс (2016 жылы – 32954  іс) аяқталып, 5188 іске көбейген.

2017 жылдың 6 айында 20859 азаматтық іс бойынша сот бұйрығы шығарылып (2016 жылы 17259 сот бұйрығы шыққан), 3600-ге артқан.                          

Жыл басынан бері 3981 азаматтық іс жеңілдетілген тәртіппен қаралып (2016 жылы – 2892 іс ), 1089 іске артқан.

Алты айда 9754 әкімшілік іс қаулы шығарумен аяқталған (2016 жылғы бірінші жартыжылдықта – 12759 әкімшілік іс), яғни яғни бұл көрсеткіш 2016 жылғы салыстырмалы кезеңге қарағанда 3005 іске азайған.                          

Сонымен қатар, жиында судья әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы Мұхтар Пәрменов комиссияның жұмысы жөнінде айтып өтті, ал арыз-шағымдарды қарау тобының жұмысы жөнінде облыстық соттың судьясы Тамара Смайылова баяндама жасады.                                                                           

Сондай-ақ, кеңейтілген кеңесте ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаевтың өзі басқарып отырған ведомствоның 6 айда атқарған жұмыстары туралы, сонымен қатар облыстың бірқатар аудандық және оған теңестірілген соттары төрағаларының есептері тыңдалды.                         

Осыдан кейін облыстық соттың төрағасы Т.Баратбеков баяндама жасады. Төраға өз сөзінде сот актілерін электронды бағдарламаға өз мерзімінде енгізу, электронды цифралық қол қою бойынша заң талаптарының сақтала бермейтініне және сот процестерін тағайындалған уақытта бастамау немесе бірнеше рет кейінге қалдыру мәселелеріне назар аударды.

Сонымен қатар, төраға жас судьялардың соттарда өтетін тағылымдама талаптарының дұрыс орындалмайтынын және облыстық соттардың жалпы отырыс, жалпы отырыс Төралқасы мәжілістерінің тиісті деңгейде принципшілдік пен объективтілік танытпай, жас судьялар мен судьялыққа үміткер-машықтанушыларға шынайылыққа сай келмейтін оң қорытындылар беріп жататынын атап өтті.

Баяндама барысында сот жүйесінің жаңа инновациялық технологияларды белсенді түрде қолдап, оларды өз қызметіне батыл түрде енгізіп отыруының және осы жаңашылдықтарды халыққа кеңінен насихаттаудың нәтижесінде жаңа технологияларды пайдаланудың республикалық рейтингінде сот органдары үздіксіз көш бастап келе жатқаны туралы айтылды.

Кеңейтілген кеңестің жұмысын қорытындылай келе Т.Баратбеков сот әділдігін жақсарту, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар берді.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі