Оңтүстік Қазақстан облысының соттары спартакиада өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні - «Наурыз» мерекесіне арналған Оңтүстік Қазақстан облысы судьялары мен сот қызметкерлерінің арасында спартакиада өтті. Шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, кір көтеру сияқты спорттың 4 түрінен жүлделер сарапқа салынған бұл спартакиадаға облыс аумағында орналасқан соттардан аймақтар бойынша құрылған алты команда қатысты.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріповтың құттықтау сөзінен кейін Қазақстан Республикасының әнұраны ойналып, спартакиаданың ашылу салтанаты болып өтті.

Волейболдан өткен жарыста ОҚО соттарының судьялары мен облыстық соттың қызметкерлері сайысқа түсіп, сот  қызметкерлерінен құралған команда жеңімпаз деп танылды. Осыдан соң шағын футболдан жарыс басталып, оған қатысқан алты команда ішінен жартылай финалға ОҚО соты кеңсесінің, Шымкент қаласында орналасқан соттардың және Мақтарал ауданының соттарынан құралған командалар шықты. Тартысты өткен бұл сайыста Мақтарал ауданының соттарынан құралған команда жеңіп шығып, бірінші орынды, ОҚО соты кеңсесінің командасы екінші орынды, ал Шымкент қаласында орналасқан соттардан жасақталған команда үшінші орынды иеленді.

Үстел теннисінен өткен жарыстың қорытындысы бойынша ОҚО сотының ұйымдастыру - талдау бөлімінің басшысы Бегенов Едіге жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды Мақатарал аудандық №2 сотының төрағасы Мұсаев Құнанбай иеленсе, үшінші орын Түркістан қалалық сотының төрағасы Мыңжанов Еркіннің қанжығасына бұйырды.

Спартакиада барысында кір тасын көтеру бойынша үздік деп танылған Мақтарал аудандық сотыныың бас маманы Мұсабеков Сейілхан 16 келілік кір тасын 70 рет көтерсе, Шымкент қалалық әл-Фараби аудандық соты кеңсесінің жетекші маманы Миромаров Мирислам екінші орынды, ал  Шымкент қаласының  мамандандырылған  әкімшілік сотының судьясы Әлиев Нұрлан жүлделі үшінші орынға иелік етті.

Жарыстың соңы салтанатты түрде жеңімпаздарға жүлделер тапсыру рәсіміне ұласты. Волейболдан үздік ойыншы деп ОҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  жетекші маманы Асауов Нұрдәулет табылса,  ОҚО соты кеңсесінің маманы Шарапова Жұлдызай үздік қорғаушы атағына ие болды.

Ал шағын футболдан жарыс нәтижелері бойынша ОҚО соты кеңсесінің бас маманы Турехулов Дәурен шағын футболдан үздік ойыншы деп табылса,  Арыс аудандық соты кеңсесінің маманы Салықбаев Нұрқанат үздік қақпашы атанды. Марапаттау рәсімі жарыста жүлделі орын алған командаларға кубоктар мен бағалы сыйлықтар тапсырумен жалғасып, спартакиада өз мәресіне жетті.                                                 

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз орталығы