Сот шешімімен базардың жұмысы тоқтатылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Аталған азаматтық іс Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралған болатын. Талапкер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы соттан жауапкер «Авто Нұр LTD» ЖШС-не қарасты «Авто Нұр» базарының жұмысын уақытша тоқтатуды сұраған.

        ОҚО Төтенше жағдайлар Департаменті Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар басқармасымен жүргізілген  тексеру нәтижесі бойынша, жауапкер «Авто Нұр LTD» ЖШС-не қарасты «Авто Нұр» базарында өрт қауіпсіздігінің нормалары сақталмауының бірнеше фактілері анықталған. Көрсетілген олқылықтар төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда оны жоюға кедергі келтіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндіктен талапкер Шымкент қаласы, Темірлан тас жолында орналасқан бұл базардың жұмысын кемшіліктер толығымен жойылғанша уақытша тоқтатуды сұраған.            
         Сот талапкер өкілінің уәждерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттей келе, талапкердің талабы орынды және қанағаттандыруға жатады деп тауып, жауапкердің жұмысы уақытша тоқтатылған болатын.  Алайда, жауапкер сот шешімімен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым келтірген. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы шағымды қарап, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.
           Шешім заңды күшіне енген және орындауға жолданған.
ОҚО сотының баспасөз орталығы