Сот үкімі өзгеріссіз қалды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2014 жылғы 12 желтоқсан күні Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 31.03.2014 жылғы үкімімен сотталған ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) мүшелерінің ісі қаралды.

Бұған дейін хабарланғандай, Шымкент қаласының аумағында 2009-2012 жылдар аралығында жалған мәміле жасау арқылы, салықтан жалтару үшін  жалған құжаттарды жасап, ойдан шығарылған азаматтардың аттарына фирмалар ашып жалған кәсіпкерлікпен айналысқан ҰҚТ-тың 12 мүшесіне  бірінші сатыдағы сот әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға жаза тағайындаған болатын. Олардың қылмыстық әрекеттері ОҚО бойынша Салық департаментінің жоғары лауазымдағы қызметкері қамқорлық жасағандықтан ұзақ уақыт бойы анықталмай келген.

Істі сотта қарау барысында аталған қылмыстық топтың жалған мәміле жасап, салықтық есептерге бұрмаланған мәліметтерді көрсетіп отыруынан мемлекетке аса ірі көлемде материалдық залал келтірілгені анықталған.

Сот үкімімен ҰҚТ басшысы Л. Азимова ҚР ҚК-нің 192-1-бабымен, 192-бабы 3-бөлігінің «а» тармағымен, 222-бабының 3-бөлігімен,  235-бабының 1-бөлігімен, 325-бабының 2 және 3-бөліктерімен кінәлі деп танылып, түпкілікті жеке мүлкін тәркілеп, түпкілікті 8 жыл 6 айға, ҰҚТ қамқоршысы және қатысушысы А.Садықов ҚР ҚК-нің 307-бабының 4-бөлігімен және 235-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, түпкілікті жеке мүлкін тәркілеп, түпкілікті 8 жыл 6 айға, ҰҚТ-тың негізгі қатысушылары Б.Сарыбеков, И.Ли, Ж.Дүйсебаева және Р.Ахенбекова жеке мүліктерін тәркілеп, әрқайсысы түпкілікті 6 жылға, аталған қылмыстарды жасауға жәрдемдескендері үшін А.Ли, Д.Карибаева, Қ.Оразбаева және Л.Сарыпбекова жеке мүліктерін тәркілеп, әрқайсысы түпкілікті 5 жылға бас бостандықтарынан айырылған.

Сотталушылар Д.Карибаева мен Л.Сарыпбекованың жас балалары болуына байланысты, оларға қатысты үкімнің орындалуы кейінге қалдырылып, жалған фирмаларды ашуға жәрдемдескен екі адам 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеуге сотталып, рақымшылық заңына сәйкес жазадан босатылған.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен аталған сотталғандарға қатысты бірінші сатылы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазастан облыстық сотының баспасөз қызметі