«ЗАҢ газеті», №14 , 30.01.2014ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Үздік журналистік жұмысқа байқау жарияланды

Жалпы ережелер

Соттардың бұқаралық ақпарат құ­ралдарымен өзара тиімді ықпалдас­тығы – бұл қоғам мен азаматтардың мүдделерін күзетудің өркениетті қызмет­тестігінің моделі. Сот қызме­тінің басым бағыты сот ақпаратына қолжетімділік және ашықтық қағи­датына сәйкес істерді қарау болып табылады. Соттардың күрделі қыз­метін, судьялардың жеке басының қа­сиеттері мен кәсіби біліктілігін танытуда бұқаралық ақпарат құрал­дарының алар орны ерекше.

Соттардың қызметі туралы аза­мат­тардың ақпарат алу деңгейін кө­теру, олардың тартысты оқиғалар­ды құқықтық әдіспен шешуге сенімін арттыру, судьялардың тәуелсіз­ді­гін қамтамасыз ету мәселеле­ріне бұ­қаралық ақпарат құралда­рының назарын аудару, судья лауазымына білікті кадрларды дайындау мақ­сатында Қазақстан Республи­касының Судьялар одағы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Журналистер одағы, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры сот қызметін үздік көрсеткен журналистік жұмыстарға конкурс жариялайды.
 

Конкурстың номинациялары

 

Конкурс мынадай номинациялар бойынша өткізіледі:
а) республикалық баспасөз беттерінде сот қызметін үздік көрсету;
б) аймақтық баспасөз беттерінде сот қызметін үздік көрсету. 

 

Конкурс талаптары

Конкурс республикалық және аймақтық баспасөз басылымдары арасында бөлек өткізіледі. 

Конкурсқа ұсынылатын материалдар 2014 жылғы 1 ақпаннан 20 қараша қоса есептелген кезеңде баспа беттерінде жариялануы тиіс.
Конкурсқа қоғамда заңдылықты және тәртіпті нығайтудағы сот қыз­меті және оның рөлі, сот процес­­те­­рінің тәрбиелік және алдын алу-про­филактикалық рөлі, мо­раль­дық-адам­гершілік тақырыбын­дағы очерк­тер, сот тәуелсіздігін қамта­масыз ету, олардың мәртебесін нығай­ту мәселелері туралы басылымдар, сондай-ақ, қоғам игілігіне жұмыс істеп жатқан Фемида қызмет­кер­лері­нің ауыр, сонымен бірге, мәрте­белі еңбегін ашатын материалдар қабылданады. 

Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер конкурстық номинацияның атауын, материалдың атауын, жария­ланған датасын, қысқаша аннота­ция­сын, авторы туралы мәліметтерді (А.Т.Ә., жұмыс орны, кәсібі, тұрғы­лықты жері, телефон номері, элек­трондық адресі) өтініш (еркін, өз қолымен) жазады.
Өтінішке қосымша ретінде автор материалы жарияланған газет не­месе журнал түпнұсқада немесе ре­дакциялық баспа куәландырған ксе­рокөшірме, сондай-ақ, электрон­дық нұсқада (CD-дискіде) ұсыныла­ды. 

Жұмыстар екі тілде: қазақ және орыс тілінде қабылданады.    
Материалдар басылып шығуына бай­ланысты «конкурсқа» белгісімен конкурстың республикалық және облыстық қазылар алқасына жібері­леді.

 

Конкурстың қорытындысын шығару

Республикалық басылымдарға арналған конкурстың қорытындысын шығаруға республикалық қазылар алқасы құрылады, ал, аймақтық БАҚ үшін облыстық қазылар алқасы құры­лады, олардың құрамына сот қауым­дастығының, Журналистер одағы­ның және «Әділ сөз» қорының өкіл­дері кіреді. Қазылар алқасының дербес құрамы аталған ұйымдардың басшы­ларының ұсынысы бойынша құры­лады.  

Конкурстың қорытындысы 2014 жылғы 1 желтоқсанға дейін шығары­лады.

Республикалық және облыстық қазылар алқасы үш жүлделі орынды анықтайды және жеңімпаздарды марапаттайды. Республикалық қазылар алқасы ақшалай сыйлықтарды мынадай мөлшерде бекітеді:

      Бірінші орынға – 250 мың теңге;

      Екінші орынға  – 150 мың теңге; 

      Үшінші орынға – 100 мың теңге.
 

Облыстық қазылар алқасы марапаттау мөлшері мен түрін өздері дербес анықтайды.

Республикалық және облыстық қазылар алқасы ақшалай сыйлық­тардан бөлек жеңімпаздарға басқа да ынталандыру сыйларын бекітуі мүмкін.    

Республикалық қазылар алқасы­ның орналасу мекенжайы: Астана қ., Д.Қонаев көшесі, 39 үй, электрондық мекенжайы union96@bk.ru.                    

Облыстық қазылар алқасының орналасу орны – Судьялар одағының облыстық филиалдары.