Жоғары оқу орындарындағы құқықтық сауаттылық айлық іс-шарасы жалғасуда

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

26 сәуір 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов құқықтық сауаттылық айлығының аясында Мақтаарал ауданының орталығы Жетісай қаласында орналасқан «Сырдария» университетінде дәріс оқыды.

Дәріске жоғары оқу орындарының заңтану мамандығы бойынша білім алып жатқан  студенттермен бірге университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы және БАҚ өкілдері, барлығы 500-ден астам адам қатысты.

Кездесуді ЖОО-ның ректоры Серік Дайырбеков ашып, іс-шара қатысушыларына облыстық соттың бастамасымен құқықтық сауаттылық айлығының өтіп жатқанын және сол іс-шараның аясында облыстық сот төрағасы Н.К.Шәріповтің Түркістан қаласындағы  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында сот  жүйесінің реформалануы» тақырыбында студенттер мен оқытушылар алдында дәріс өткізгенін, ендігі кезекте бұл дәріс өзінің жалғасын  «Сырдария» университетінде тауып отырғанын айта келе,  облыстық сот төрағасы Н.К.Шәріповке сөз ұсынды.        

Н.К.Шәріпов қатысушыларды Ұлт жоспары аясында сот жүйесін реформалаудың негізгі шараларымен таныстырып, құқық үстемдігі мен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Азаматтық процестік кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген жаңа нормаларына ерекше назар аударды.

Н.К.Шәріпов, өз сөзінде сот төрелігі бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшуі нақтыланып, іс жүргізу рәсімдерін оңтайландыру көзделген және іске қатысушы тұлғаларды татуластырдың баламалы тәсілдерін кеңінен қолдануы қарастырылғаны, судьялыққа кандидаттарды іріктеу жүйесінің жетілдірілгені, қызмет етіп жатқан судьяларға қойылған талаптың күшейтілгені және Сот төрелігі академиясы мен Сот жюриі, Жоғары Сот кеңесінің жұмыстары туралы айтып, судьялардың VII съезінде қабылданған Судьялық әдеп кодексінің негізгі тұстарына кеңінен тоқталды.

Дәріс интерактивті форматта өтіп, Ұлт жоспарының іске асырылу барысы мен қазіргі кездегі сот төрелігін жүзеге асырылуы көрнекі түрде таныстырылды және «Қазақстандағы сот реформасы: кеше, бүгін, ертең» атты бейне фильмін көрсетумен жалғасын тапты.

Бұдан бөлек, төраға қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері қозғалған Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі идеялары мен маңыздылығын атап өтті.

Шара соңында болашақ заңгерлер дәріскерге өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оларға толыққанды жауап алды.

Дәріс аяқталған соң Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы университеттің мұражайы мен материалдық-оқыту базасымен танысты.

Қайнар: 
Пресс-служба Южно-Казахстанского областного суда