А.Шиндалиев. Мақтаарал ауданының № 2 аудандық сотының судьясы. «Сот рәсімдерін оңтайландыру және сот процестерін жеңілдету шаралары» // «7 сыр» газеті, 07.08.2015ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Елбасы Н.Назарбаев бес инс­титуттық реформада «Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Бұл бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуға ұрынбай, саяси тұрақтылықты ны­ғайтуға мүмкіндік беретін маңызды фактор» деген сөздерімен даму буындарының мығымдығына екпін түсірді. Мемлекет басшысы ұсынған 100 қадам жоғарыда айтылған жауапкершілікті нықтаумен қатар, жалпыхалықтық заң үстемдігін алға шығарады. Өйткені, жауапкершілік болған жағдайда жалпыхалықтық заң мемлекетке қызмет етеді, мемлекет пен халықты біріктіреді. Ұлт жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын екінші бағыты бойынша еліміздің сот жүйесінде бірқатар өзгерістер болады деп күтілуде. Соның ішіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі – қазіргі бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу болып отыр.  Үш сатылы сот жүйесі – ха­лық­аралық тәжірибеде бар үрдіс. Әлемдегі сот тәжірибесі көрсет­кендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзар­туға және сот шешімін сөзбұй­даға салуға ықпал етеді.  Сот ше­ші­мінің бірнеше рет өзгеріп, күшін жоюы – республика атынан шешім қабылдайтын соттардың беделіне нұқсан келтіретін факторлардың бірі.

Заман талабына сәйкес, сот кор­пусына қойылатын талап та тұрақ­ты түрде артуда. Қазіргі таңда еліміз қарқынды дамуда, қоғамдық қаты­нас­тардың, әлеуметтік-экономикалық процестердің ауқымы кеңеюде. Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енгізу міндетін орындау көзделуде. Сон­дықтан да соттар мен судьялардың ең жоғар­ғы талаптарға сай келуі уақыт талабынан туындаған міндет болып табылады. Бұл орайда, Жоғарғы Сот судьялыққа үміт­керлерге қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау бойынша бірқатар ұсыныстарды әзірледі. Ұлттық комиссия судья­лыққа үміткерлердің жасын 30 жас­қа дейін өсіру және олардың сот саласына тікелей қатысты бес жылдық жұмыс өтілін енгізу жөнін­дегі ұсыныстарды қолдады. Атап айтқанда, болашақта барлық судьялар міндетті түрде Сот төрелігі институтының магис­тратурасында даярлықтан өтуі тиіс. Аталған институт Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетін болды. Онда оқитын магистранттар мен судьялыққа үміткерлер үшін тағы­лымдама мерзімін бір жылға дейін арттыру көзделуде. Бұған қоса, судьялыққа үміткерлердің білік­тілік емтиханын тапсыру тәрті­бі қайта қаралып, судьялық лауа­зым­ға ұсынылған тұлғалар үшін бір жыл­дық сынақ мерзімін енгізу көзделуде.