А. Дәуренбеков, Кентау қалалық сотының судьясы. «Білікті судьялар дайындау – сот институтының маңызды міндеті»// «Қаратау тәжі» газеті, 08.08.2015ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Елбасының айқындаған бес институционалды реформаның бір бағыты сот қызметінің беделін көтеруге, халықтың аталған жүйе қызметіне сенімін арттыруға негізделген. Демек, оның бастапқы қадамы судьяларды тағайындауға қойылатын талаптарды күшейтумен тығыз байланысты болып отыр. Судьяларды дайындау ісіне қойылатын талаптар, бұл бірінші кезекте мәртебелі мамандық иелерін іріктеу мәселесін жолға қою жайы қызу қолға алынуда. Өз ісінің білгірі болу үшін маманға алдымен терең білім мен тәжірибе керек десек, судьялықтан үміткерлерге білімін болашақта Жоғарғы Сотқа берілетін Әділ сот институтының магистратурасында жетілдіру, сондай-ақ, білікті қызмет тәжірибесінен өту міндеттері қойылмақ.

Үміткерлердің бірқатар біліктілік емтихандарын өте қатал талап жағдайында тапсыруы да көзделуде. Барлық талаптан өткеннен кейін де сынақ мерзімі белгіленеді. Мұндай сынақтардан мүдірмегендерге ғана мемлекет басшысының тағайындау туралы жарлығы шығады. Мамандардың айтуынша, бұл әлемдік тәжрибеде өзін ақтаған үрдіс. Ұлт көшбасшысы бұл тұрғыда: «Заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаттарының сақталуы гүлденген мемлекеттің негізі және экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Бұл судьялық лауазымдарға кандидаттарға қойылар біліктілік талаптарын қатайтуды талап етеді. Сондықтан, бұл салада бізді өте салмақты әрі орасан зор жұмыс күтіп тұр», - деп судьялыққа қойылар айқын міндеттерді «100 нақты қадам: Ұлт жоспары» бағдарламаның 17-қадамда нақтылап берді. Яғни, судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктері көбейтілумен қатар, біліктілік талаптары қатайтылып, жаңа ережелер бекітілді.