С.Байтенов, Бәйдібек аудандық сотының судьясы. «Судьялыққа кандидаттарды іріктеу тетіктері» // «Алғабас» газеті, 24.07.2015ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының бір бағыты судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайтуға бағытталып отырғаны сөзсіз.

Осы стратегиялық жоспардың 17-қадамында «Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту көзделген. Яғни, міндетті түрдегі талап - сот істерін жүргізуге қатысудыӊ 5 жылдық өтілі, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өту, осыдан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өту талаптары қойылады.

«Қазақстан Республикасы сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының талаптары бойынша, аудандық соттардың судьясы болып жоғары заң бiлiмi, мiнсiз беделі және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс өтілі бар, біліктілік емтиханын тапсырған сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн делінген.

Дегенмен, судья лауазымына кандидаттарға қойылатын жаңа талаптар, олардың жұмысын жетілдіретін үш негізгі саты: судьяларды тағайындау, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және олардың жауапкершілігін көтеру - сот корпусының сапалы құрамын жақсарту үшін септігін тигізетіні сөзсіз.

Судьялыққа осы қызметке лайық, оны алып жүруге кәсіби біліктілігі, адамгершілік қасиеті, білімі жететін адамдар баруы қажет және болашақ судьялардың сот орындарында кемінде 5 жылдық еңбек өтілі болуы талап етіледі, себебі судьялық лауазымға тағайындалатын үміткерлер жақсы қызмет тәжірибесінен өтуі тиіс. Осыдан кейін олар бірқатар кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілерден өтіп, білімі мен біліктілігі, моральдық бет-бейнесі толықтай сыналғаны дұрыс.

Судьялардың кезекті съезінде Елбасымыз: «Әділ және адал сот — демократиялық, құқықтық мемлекеттің маңызды негізі» — деп атап өткен. Стратегиялық жоспарда көрсетілген сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, барлық сот процестеріне бейне жазба құрылғыларын қолдануы, алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту — соттардың халыққа бір қадам жақын болуы бағытында жасалған шаралардың бірі деп санаймыз.