Ж.Балғанбеков, Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы. «Судьяларды іріктеу-сот төрелігінің сапасын арттырмақ»//«Сәтті» газеті, 05.08.2015 жыл

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Президенті Нұрсылтан Назарбаев жариялаған «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет-100 нақты қадам» Ұлт жопарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын екінші бағыты бойынша еліміздің сот жүйесіндегі бірқатар өзгерістер болады деп күтілуде.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында Елбасы болашақ судьяларды іріктеу жүйесін қайта қарау қажеттігін де текке айтпағаны белгілі. Өйткені, жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістердің нәтижелі болуы, ең алдымен , судьялардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Халыққа заңды жетік білетін, заң үстемдігін әрқашан жоғары қоятын, қара қылды қақ  жаратын судьялар керек. Қазір заман талабына сәйкес, сот корпусына қойылатын талап та тұрақты түрде артуда.

Қазіргі таңда еліміз қарқынды дамуда, қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік- экономикалық процестердің ауқымы кеңеюде. Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енгізу міндетін орындау көзделуде. Сондықтан да соттар мен судьялардың ең жоғарғы талаптарға сай келуі уақыт талабынан туындаған міндет болып табылады. Атап айтқанда, болашақта барлық судьялар міндетті түрде Сот төрелігі институтының магистратурасында даярлықтан өтуі тиіс. Аталған институт Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетін болды. Онда оқитын магистранттар мен судьялыққа үміткерлер үшін тағылымдама мерзімін бір жылға дейін арттыру көзделуде. Бұған қоса , судьялыққа үміткерлердің біліктілік емтиханын тапсыру тәртібі қайта қаралып , судьялық лауазымға ұсынылған тұлғалар  үшін бір жылдық сынақ мерзімін енгізу көзделуде.

Жалпы, енді судья атану үшін маман түрлі даярлық әрі сынақ кезеңінен жылдар бойында өтуі тиіс: 21-22 жас-бұл жоғарғы заңгерлік білім алатын кезең. 25-27 жас-Сот төрелігі институтының магистратура сатысында білім алатын уақыт. 28-29 жаста-маман бір жылдан үш жылға дейінгі сынақ мерзімінен өтіп, сот лауазымына тағайындалу  үшін байқауға қатысуы қажет. Жоғарғы сот өкілінің ойынша, кандидат 30-32 жасқа жеткенде ғана, оны судьялауазымына тағайындауға ұсынуға болады. Бұған қоса, енді Қазақстанда біліктілігін жоғарылатқан кандидаттардың мемлекеттік тіл білімін  тексеріп, психологиялық тестілеуден өткізу шаралары заңнамалық тұрғыда бекітілмек. Сондай-ақ, судьялар қызметін кезеңдік кәсіби бағалау жүйесін енгізу мәселесі түбегейлі шара ретінде қарастырылатын болады. Судьялық өтілі 15 жылдан асатын судьяларды санамағанда, судьялардың біліктілігін 5 жылда бір рет, сондай-ақжоғары тұрған соттағы судья лауазымына, сот немесе сот алқасының төрағасы қызметіне  жарияланған конкурсқа қатысқан судьялардың кәсіби деңгейін бағалау жүргізіп функциясын Сот Жюриіне беру қарастырылуда. Аудандық сот судьясының лауазымдық жалақысының 70 пайызы көлеміндегі еңбекақысын төлей отырып, босатылған негізде судьялардың тағылымдамадан өту жүйесін енгізу мәселесі қарастырылуда. Міне қарастырылып отырған осы шаралардың барлығы сот корпусын кәсіби білікті судьялармен толықтыруға  және сот жүйесін дамыту мақсатында қолға алынып отыр.