Ж.Сейтжапбаров, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы. «Алқабилер соты қолданылатын салалар кеңейтілуде» // 24.07.2015ж. «Әділет» газеті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Ел Президенті Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты жарқын болашаққа бағыт беретін іс қимыл жоспарын Қазақстанды стратегиялық мақсат-мұратқа жеткізетін және заманауи экономикалық мемлекет етудің жоспары деуге болады. Бұл құжаттың маңыздылығын былай қойғанда, ғылыми негізделуі мен нақтылығы жағынан да аса құнды еңбек екені көрініп тұр.

Елбасы 100 нақты қадамның 21-қадамы ретінде «Алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту. Заңды түрде алқабилер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категорияларын анықтау қажет» деген ой айтты.

Елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарында алқабилер сотының аралас моделін – бір судья мен алқаби қатысатын түрін  таңдап алып, «Алқабилер соты туралы» арнайы заң қабылданды.

Бұл заң қылмыстық сот ісін жүргізуге  алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, олардың құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін көрсететін қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын болды. Мемлекет басшысы алқабилер сотын енгізу қағидатты қадам болды деп атап өтті. Бұл демократияның ажырамас бөлігі ретінде азаматтық қоғам институттарын дамытудағы жөне адам құқықтарын қорғаудағы жауапты кезеңге айналды.

Бүгінде осы заң аясында республика бойынша мамандандырылған қылмыстық соттарда сотталушының сұранысы негізінде кейбір істер алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Бұл заңның бізге де тигізер тиімді тұстары көп. Алайда, біздің соттағы судьялар көбіне алқабилерді жинауда мәселелер туындап қалатынын айтады. Себебі, бір жылда 4-5 мың адамға алқаби болу үшін жергілікті әкімдіктерге тапсырыс береміз. Бір іске алқабилерді катыстыру үшін 60-70 адамды шақырамыз. Дегенмен, осы шақырылғандардың басым бөлігінің бұл жауапты міндетті атқаруға құлшынысы болмайды. Көптеген сылтаулар айтып, алқаби болудан қашқақтайды. Сонымен бірге көбісінің мекен-жайы ауысып кеткен немесе алқаби болу талаптарына сай келмейтін адамдар тізімге еніп кетеді.

Біздің ұсынысымыз, жергілікті әкімдік алқабилікке тізім жасақтағанда ол туралы нақты мәлімет берсе және ол адаммен алдын ала кездесіп, алқаби дегеніміз кім және немен айналысатыны туралы түсіндірсе дейміз. Сонымен бірге, оған мемлекет тарапынан колдау көрсетілетіні айтылса екен. Себебі осындай жауапты жумысты көбісі түсінбей, қатыспай, жұмысымызды ауырлатып жіберетін жайлар көп кезігеді. Елбасының бүгінгі алдымызға қойып отырған құжаты өміріміздің жоспары іспетті. Сондыктан біз бұл құжатты қолдап, осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.