ОҚО сотының төрағасы Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбеков Түлкібас ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Іс-шараға Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев, Түлкібас аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, Түлкібас ауданының прокуроры Артықбек Пашаев, Түлкібас ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мықтыбек Орынбаев, Түлкібас ауданы бойынша жеке сот орындаушылар, Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметкерлері, медиатор Мықтыбек Жұмаділов және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесуді Түлкібас ауданының әкімі Н.Тұрашбеков ашып, оны ұйымдастырған сот ұжымына ризашығын білдірді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбеков соңғы жылдардағы сот саласының жұмысына енгізілген өзгерістер мен жана технологиялар туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, төраға ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығын қорытындылауға арналған республика судьяларының кеңейтілген кеңесінде Жоғарғы Сот төрағасы Қ.Мәмидің сот жүйесінің алдына қойған басым міндеттері туралы айтып берді.                   

Талғат Қожанұлы баяндамасында қазіргі кезде Жоғарғы Сот іске қосқан «Медиацияны қолдану салаларын одан әрі кеңейту мақсатында жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша пилоттық жобаның» жүзеге асырылып жатқанын, бұл пилоттық жобаның дауларды сотқа жеткізбей шешуге бағытталып, медиация институттың дамуына орасан зор ықпалын тигізетінін және қоғамдағы дауларды азайтуда нақты нәтижелер беретінін атап өтті.                                               

Баяндамадан кейін қатысушыларға сот өндірісінде қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар бойынша «Сот кабинеті» және «Төрелік» сервистері тақырыптарындағы бейнероликтер көрсетілді.                     

Кездесуді аудан әкімі қорытындылап, сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар мен жаңашылдықтар туралы жан-жақты жасалған баяндамасы үшін төрағаға алғысын білдіріп, бұл жиын тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеруде пайдалы болғанын атап айтты.

Источник: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі