Сот қызметкерлері «Ерлік» мұражайында болды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісінің мамандары Шымкент қаласындағы «Ерлік» мұражайына барып, оның залдарын аралап, Ұлы Отан соғысына қатысты қойылған экспонаттармен танысты.

«Ерлік» мұражайы 2012 жылы желтоқсан айында ашылған. 4 зал және бір галереядан тұратын бұл мұражай 2013 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы ретінде тіркеліп, жұмыс істеп келеді.

1-зал ‒ Ұлы Отан соғысына қатысқан оңтүстік қазақстандықтарға арналған. Бұл жерде Брест қамалын қорғауға, Мәскеу түбіндегі шайқастарға, Днепрден өту операциясына, Украинаны, Белоруссияны және Балтық жағалауы елдерін азат етуге қатысқандар туралы көптеген материалдар жинақталған. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батырлары Бауыржан Момышұлы мен Сабыр Рахымовқа, Ұлы Отан соғысына қатысқан әйелдерге арналған стендтер орнатылған.

2-зал ‒ «Тыл залы» деп аталады. Мұнда Ұлы Отан соғысы жылдары Оңтүстік Қазақстанда өмір сүріп, еңбек еткен жандардың жеңісті жақындату үшін тылда жасаған ерліктері туралы баяндалады.

3-зал ‒ «Этнографиялық зал», ал 4-зал «Ауған соғысы залы» деп аталады. Ауған соғысына  арналған залда соғыста қаза тапқан және қазіргі кезде арамызда жүрген интернационалист-жауынгерлердің түрлі марапаттары мен жеке заттарынан құралған экспонаттар қойылған.

Мұражай қызметкерлері сот мамандарына мұражайдағы экспонаттардың тарихы туралы және соғыс жылдарындағы оқиғалар туралы қызықты мағлұматтар айтып  берді.

Источник: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі