Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбеков Ордабасы аудандық сотында азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

Бұл күні облыстық сот төрағасының қабылдауында 14 аудан тұрғыны болды.

Жүгінгендердің көпшілігі жергілікті соттың шығарған сот шешімдерімен келіспейтіндіктерін жеткізді. Осы азаматтарға қолданыстағы процестік заңнама талаптарына сәйкес жоғары сатыдағы соттарға шағым келтіру тәртібі түсіндірілді.

Облыстық сот төрағасының қабылдауында болған аудан тұрғындары мен жергілікті БАҚ өкілдері өз сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Қызметтік сапар барысында Т.Баратбеков аудандық соттың жұмысымен танысып, сот отырысы залдарын аралады.

Ғимаратты аралау барысында төраға ақпараттық қызмет жұмысы, сот кабинеті, сот процестерін аудио-бейне жазба жасау құрылғыларының тиісті жұмыс жасауына және  аудандық соттың ішінде орналасқан медиатор кабинетіне ерекше назар аударды.

Сот қызметкерлерімен кездесу барысында облыстық соттың төрағасы Талғат Қожанұлы Ұлт Жоспарындағы институттық реформаның табысты жүзеге асырылғанына тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету сот жұмысының басым бағыты екендігін атап өтті. Сонымен бірге, судьялардың назарын сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, іс қарау мерзімдерін сақтау, азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау қажеттілігіне аударды.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі