«Медиация-бітімгершілік кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Түркістан қалалық сотының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи–мәдени этнографиялық орталықтың ғимаратында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға судьялар, адвокаттар, нотариустар, құқық қорғау органдары мен жергілікті мекемелердің өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, қоғамдық емес ұйым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Жиында сот төрағасы О.Серикбаев сөз сөйлеп, Елбасымыз Қазақстан Судьяларының VII съезінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырудың негізгі нәтижелеріне тоқталып, сот жүйесін одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындап, жаңа міндеттер жүктеген болатын. Бітістіру процедуралары мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерінің іс-қимылын ұлғайту жөніндегі шаралар жүргізуді тапсырғанын еске салды.

«Мемлекет басшысының берген тапсырмасын жүзеге асыру үшін ағымдағы жылдың ақпан айында медиацияны қолдану салаларын одан әрі кеңейту мақсатында жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша Жоғарғы Сот пилоттық жобаны іске қосты.

Медиация өткізу міндетті санаттағы даулар, олар қарыз шарттары және кейбір еңбек даулары, баланың тұрғылықты жерін анықтау, ата-ананың баламен сөйлесу тәртібін анықтау, басқалардан баланы тартып алу, неке бұзу және мүлікті бөлісу туралы даулар»,-деп атап көрсетті төраға.

Өз кезегінде судья К.Чингиспаева баяндама жасап, «Медиация туралы» Заңның жалпы ережелерін, медиация – дау бойынша, үшінші тұлға – медиатордың қатысуымен құқықтық дауларды шешудің баламалы түрі екенін, екі тарапты қанағаттандыратын өзара тиімді және тату келісімге жету, сотқа дейінгі даудың санын азайтып, тараптардың уақыттарын үнемдейтінін айтты.

Кәсіби медиатор Қ.Абдикаримов медиацияны қолданудың тиімділігін және соңғы жылдары азаматтардың медиация институтына жүгінуі артып отырғанын, алайда, әлі де қаншама істерді сотқа жеткізбей шешуге болатынын айта келе, медиаторлар тарапынан атқарылып отырған жұмыстармен бөлісті.

Іс-шара барысында судья А.Иржанов өз баяндамасында қылмыстық сот ісін жүргізудегі медиация тәртібіндегі даулардың жүргізу рәсімдерінің құқықтық нормаларымен талаптарын түсіндірді және де сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерге медиация тәртібі қолданылмайтындығын атап өтті.

Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Г.Көшербаева дау мақсаты бітім екенін, татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайтынын және заңға қайшы келмейтінін, Медиацияның басты тиімділігі – медиацияда тараптардың тілегі ескерілетінін баян етті.

Шара соңында семинарға қатысушылар сот дауларын шешудің баламалы тәртібі ретінде медиацияны қолдануда туындайтын проблемалық және ұйымдастырушылық мәселелері бойынша талқылау жүрді.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі