Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбеков: «Бүгінгі таңда дауларды шешуде бітімгершілік рәсімдерін қолдану өзекті мәселе»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбеков өңірдегі жұмыс сапарының барысында Төле би ауданында болып, аудан активімен кездесу өткізді.

Іс-шараны ашқан аудан әкімі Бұхарбай Парманов кездесуге ардагерлер, медиаторлар, білім, мәдениет және медицина салаларының қызметкерлері, мәслихат депутаттары және аудандық құқық қорғау органдарының басшылары мен журналистер қатысып отырғанын айтты.

Жиында сөйлеген сөзінде сот төрағасы Қазақстанның сот жүйесіндегі соңғы жаңалықтарға тоқталып, Республика соттарының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын» орындау мақсатында жұмыстың жаңа форматына көшіп, судьялыққа кандидаттарды іріктеу барысында еңбек өтілі мен жасына қойылатын талаптар күшейтіліп, Жоғары Сот Кеңесінің құрамы мен уәкілеттігінің кеңейтілгенін, Жоғарғы Сотта инвестициялық даулар бойынша мамандандырылған алқа және Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық Кеңестің құрылғанын атап өтті. Төраға сот өндірісіне жаңа ақпараттық технологиялардың ендірілгеніне, соның ішінде барлық сот залдарының дыбыс-,бейне жазу жүйелерімен жарақтандырылғанына ерекше назар аударды. Қатысушыларға көрнекілік ретінде сот өндірісіндегі ақпараттық технологияларды пайдалану жөнінде, атап айтқанда «Сот кабинеті» және «Төрелік» сервистерінің жұмысы туралы бейнероликтер көрсетілді.

Жиын барысында аудандық соттың төрағасы Б.Кәрім, Төле би ауданының әкімі Б.Парманов және аудандық заң кеңсесінің меңгерушісі А.Юсупов құқықтық дауларды шешу мақсатында татуластыру рәсімдері институтын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу аясында медиация бөлмесі бар Қоғамдық қабылдау кабинеті  салтанатты түрде ашылды. Облыстық соттың төрағасы Т.Баратбеков: «Медиация кабинеттерінің ашылуы ‒ дауларды соттан тыс шешуді дамытуға қажет екенін атап өтіп, бүгінгі таңда дауларды шешуде бітімгершілік рәсімдерін қолдану өзекті мәселе болып отырғандықтан, осындай орындардың ашылуы уақтылы және өзін-өзі ақтайтын қадам»,- деді.

Жұмыс сапарының соңында төраға аудандық соттың ғимаратын аралап, кеңсе жұмысымен танысты. Сот ұжымының алдында сөйлеген сөзінде Т.Баратбеков судьялардың назарын сот төрелігінің сапасын жақсарту, істерді қарау мерзімін сақтау және азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғаудың маңыздылығына аударды.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі