Облыстық соттың судьялары жоғары оқу орнында семинар өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыPDFPDF

Құқықтық ағарту бойынша айлық аясында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетов және облыстық соттың судьялары К.Жаппасова мен Т.Смайлова Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық техникалық университетте «Азаматтық процестік кодекстің мақсаты ‒ азаматтардың құқықтарын қорғау» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шараға оқу орнының оқытушылары мен студенттері және БАҚ өкілдері, барлығы 60-тан астам адам қатысты. 

Кездесуді ашқан жоғары оқу орнының ректоры Б.Қорғанбаев соттар мен оқу орнының арасында тығыз ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтіп, құқықтық ағарту бойынша айлық шеңберінде өткізіліп отырған семинардың осының айғағы екенін айтты.

Б.Қорғанбаев семинардың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындау мақсатында қабылданған Азаматтық процестік кодекстің негізгі новеллаларына арналатынын хабарлап, іс-шараның студенттердің құқықтық сауаттылығы мен теориялық дайындықтарын арттыруға, оның ішінде азаматтық іс жүргізу мәселелері бойынша білімдерінің тереңдеуіне оң септігін тигізетіндігін атап өтті.

Осыдан кейін сөз кезегі азаматтық істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетовке беріліп, ол жаңа Азаматтық процестік кодекстің қабылдануы құқық үстемдігі мен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, іс жүргізу рәсімдерін оңтайландыруға және іске қатысушы тұлғаларды татуластырдың баламалы тәсілдерін кеңінен қолдануға бағытталғанын атап өтті. Алқа төрағасы апелляциялық және кассациялық сот сатыларындағы іс жүргізу ерекшеліктеріне тоқталып, бірнеше мысалдар келтірді.

Облыстық соттың судьясы К.Жаппасова Кодекстің жалпы ережелерімен таныстырып, сотта өкілдік ету институты, сот шығыстары, процестік мерзімдер, сотқа шақырту жөнінде кеңірек тоқталды және процесске қатысушыларға хабарлау жолдауда қолданылатын ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктеріне назар аударды.

Облыстық соттың судьясы Т.Смайлова студенттерге бірінші сатыдағы сотта сот ісін жүргізу тәртібін түсіндіріп, оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралатын істердің көлемі ұлғайғанын және оның соттарда істердің созбалаңға салынбай, даудың тез шешілуіне оң ықпалын тигізіп отырғанын жеткізді, «Төрелік» ақпараттық жүйесінің жұмысы мен «Сот кабинеті» арқылы қызмет көрсету мүмкіншіліктері туралы баяндады.

Семинар барысында судьялар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, Азаматтық процестік кодекстің сот тәжірибесінде қолданылуы бойынша пікір алмасты.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі
Пікірлер мен ұсыныстар