Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында аймақтық семинар өтуде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2013 жылы 20 қарашада өткен Қазақстан Судьялар одағының VІ съезінде сөйлеген сөзінде: Сот жүйесін жетілдірудің басым бағыттарын, оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту керектігін атап көрсетіп, Үкіметке Жоғарғы Сотпен бірлесіп жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырып және 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс» – деген болатын

Елбасымыздың осы тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеп, облыстық және оған теңестірілген соттарға танысып, талқылау үшін жолдаған болатын.

Соған байланысты, ағымдағы жылдың 10 сәуірі күні, Оңтүстік  Қазақстан облыстық сотының мәжіліс залында «Жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын талқылау» тақырыбында аймақтық семинар өз жұмысын бастады.

Екі күнге жалғасатын бұл семинарға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Алматы қалалық, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстық соттарының және ҚР Әскери сотының судьялары мен прокуратура, адвокатура, әділет органдары мен қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысуда.

Аймақтық семинарды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов ашқан соң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша қадағалау сот алқасының судьясы Б.Мақұлбеков кіріспе сөз сөйледі.

Одан кейін семинарда Алматы облыстық сотының кассациялық сот алқасының судьясы Р.Батырханов «Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының жалпы ережелері: азаматтық іс жүргізу заңнамасы, оның принциптері мен міндеттері» тақырыбында, Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы М.Тоқтағұлова «Ведомстволық бағыныстылық және соттылық. Сот құрамы, қарсылық білдіру. Іске қатысушы тұлғалар. Соттағы өкілдік» тақырыбында, Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы М.Тәңірбергенов «Дәлелдемелер және дәлелдеулер. Сот шығындары» тақырыбында және Алматы облысының Ескелді аудандық сотының төрағасы Қ.Иманханов «Соттағы мәжбүрлеу шаралары. Процессуалдық мерзімдер. Соттың хабарлаулары мен шақыртулары» тақырыбында баяндамалар жасады. Аймақтық семинарда жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын қызу талқылау одан әрі жалғасуда.

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз орталығы