Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында дөңгелек үстел мәжілісі өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында «Қылмыстық істер бойынша қатысушы тараптар және олардың процестік құқықтарының жүзеге асырылуы» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған облыстық соттың  қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы мен судьялары, Шымкент қаласының Әл-Фараби, Абай, Еңбекші, Қаратау, ОҚО Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Мақтаарал ауданының №2 аудандық, қылмыстық істер жөніндегі және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарының төрағалары мен судьялары, ОҚО прокуратурасы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кәсіби медиаторлар, ОҚО адвокаттар алқасының мүшелері және журналистер қатысты.

Дөңгелек үстел мәжілісін облыстық соттың қылмыстық  істер жөніндегі сот алқасының төрағасы З.Пірнияз кіріспе сөзбен ашты.

Жиында облыстық прокуратураның басқарма аға прокуроры А.Жүнісбеков Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 8-тарауында көзделген қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар жөнінде мағлұмат беріп, олардың қызметтері туралы түсіндіріп өтті. Осыдан кейін «Адал» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Т.Есимов өз баяндамасында «Қорғаушы» ұғымын түсіндіре келе, Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы, қорғаушыны шақыру, тағайындау, алмастыру оның еңбегіне ақы төлеу және қорғаушының өкілеттіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сонымен қатар мәжіліс барысында ОҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотының судьясы Г.Саттарова ҚР ҚПК-нің 64-65, 71-77 -  баптарының, атап айтқанда, күдікті, айыпталушы, жәбірленуші, жеке айыптаушы, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдерінің процессуалдық мәртебесінің ерекшеліктеріне тоқталды.

Мақтаарал ауданының №2 аудандық сотының судьясы А.Шиндалиев қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдар жайында, яғни, куә, сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, сот приставы және медиатор туралы ақпарат беріп, олардың міндеттері жайлы толыққанды түсіндірді.

Баяндамалардан соң қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өзара пікір алмасып, өз ойларын білдірді.

Дөңгелек үстелдің соңында түсіндірілуді қажет ететін пікірталас туғызған мән-жайлар бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына  анықтама түсіндірме талап ететін сұрақтары түзіліп, ол қатысушылардың назарына ұсынылды.

Источник: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі